Astana International University ғалымдары Қазақстанды Бейжіңдегі халықаралық симпозиумда таныстырды















2026 жылдың 29-31 мамыры аралығында Қытайдың Бейжің қаласында Еуразиядағы экожүйелердің өзгеруі мен жайылымдық аумақтарды тұрақты басқару мәселелеріне арналған «2026 CAS Frontiers in Science: A Youth-Led Vanguard International Symposium» халықаралық симпозиумы өтуде.
Іс-шараны Academic Salon және Alliance of National and International Science Organizations (ANSO) қолдауымен University of Chinese Academy of Sciences жанындағы Beijing Yanshan Critical Zone National Observation and Research Station ұйымы ұйымдастырды.
Симпозиум Қытай, Қазақстан, Моңғолия, Ресей, Өзбекстан, Бельгия, Германия, Эфиопия және басқа да елдердің жетекші ғалымдары, зерттеушілері мен жас мамандары үшін пікір алмасу алаңына айналды. Қатысушылар экожүйелерді сақтау, климаттық өзгерістерге бейімделу, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және Еуразияның далалық аумақтарын тұрақты дамыту мәселелерін талқылады.
Astana International University атынан халықаралық форумға университет ректоры, биология ғылымдарының докторы, профессор Мырзагалиева Анар және AIU жас ғалымы, PhD Тустубаева Шынар қатысты.
Ғылыми бағдарлама аясында Мырзағалиева Анар «Problems of Pasture Degradation in the Steppe Regions of Kazakhstan» тақырыбында баяндама жасап, Қазақстанның далалық аймақтарындағы жайылымдардың деградациясына байланысты өзекті экологиялық мәселелерді көтеріп, табиғи ресурстарды тұрақты басқарудың заманауи тәсілдерін ұсынды.
Симпозиумда жайылымдық экожүйелердің тозуы, биоалуантүрлілікті сақтау, экологиялық мониторинг жүргізу және экологиялық зерттеулерде инновациялық технологияларды қолдану мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушылар жаһандық экологиялық проблемаларды шешуде жасанды интеллектті, Жерді қашықтан зондтау технологияларын, геоақпараттық жүйелерді және экологиялық модельдеу әдістерін қолдану перспективаларын талқылады.
Іс-шара бағдарламасына пленарлық отырыстар, ғылыми және тақырыптықталқылаулар, көшпелі далалық зерттеулер және Beijing Yanshan Critical Zone National Observation and Research Station ғылыми станциясына бару кірді. Қатысушылар экологиялық мониторинг пен далалық зерттеулердің озық тәжірибелерімен танысып, халықаралық ғылыми жобаларды дамыту перспективаларын талқылады.
Astana International University өкілдерінің халықаралық симпозиумға қатысуы ерекше маңызға ие. Әртүрлі елдердің ғалымдарымен бірлесіп жұмыс істеу ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға, академиялық байланыстарды кеңейтуге және университеттің әлемдік ғылыми қауымдастыққа интеграциялануына ықпал етеді. Мұндай іс-шаралар тәжірибе алмасуға, жастар ғылымын дамытуға және қазіргі заманның өзекті экологиялық сын-қатерлерін шешуге бағытталған бірлескен зерттеулерді жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер туғызады.
Бөлісу:
Фотогалерея






