Халықаралық Астана университетінің студенті ағылшын тілі бойынша халықаралық олимпиадада жүлделі орын иеленді
Халықаралық Астана университетінің 1 курс студенті Күлжанова
Шадия Қуанышевна тілдік емес гуманитарлық мамандықтар мен даярлау
бағыттарының студенттері арасында өткен шетел тілдері (ағылшын тілі)
бойынша жыл сайынғы халықаралық олимпиадада III орын иеленді.
Беделді зияткерлік байқауды Уфа ғылым және технологиялар
университеті (Уфа қаласы, Ресей Федерациясы) ұйымдастырды. Олимпиада
түрлі елдерден келген дарынды студенттердің басын қосып, қатысушылардың
шетел тілін меңгеру деңгейін, академиялық дайындығын және
коммуникативтік дағдыларын айқындады.
Олимпиада екі кезең бойынша өтті: алғашқы кезең 2026 жылғы 16–17
сәуір күндері онлайн форматта ұйымдастырылса, екінші кезең — ауызша
коммуникация және аударма тапсырмалары — 2026 жылғы 24 сәуірде
қашықтықтан оқыту технологияларын қолдану арқылы өткізілді.
Шадия Күлжанованың жетістігінің ерекше маңыздылығы — оның
аталған олимпиадада жүлделі орын иеленген Қазақстан Республикасынан
жалғыз қатысушы болуы.
Студенттің жоғары нәтижеге жетуіне педагогика ғылымдарының
магистрі, Халықаралық Астана университетінің аға оқытушысы Толегенова
Жансая Бахтыбековнаның кәсіби дайындығы мен жетекшілігі зор ықпал етті.
Олимпиадаға қатысушыны сапалы дайындағаны үшін оқытушыға
ұйымдастыру комитетінің алғыс хаты табысталды.
Халықаралық Астана университеті Шадия Күлжанованы және оның
оқытушысын маңызды жетістіктерімен құттықтап, алдағы уақытта жаңа
жеңістер, жоғары академиялық табыстар және Қазақстанның халықаралық
беделін асқақтататын жарқын жетістіктер тілейді!
Бөлісу:



