Малайзияның беделді оқу орны AIU-де қонақ болды




































2026 жыл, маусымның 5-і күні Astana International University қабырғасында UCSI университетінің (Куала-Лумпур қ., Малайзия) жоғары лауазымды делегациясымен ресми кездесу өтті. Шетелдік делегацияны UCSI негізін қалаушы және төрағасы Дато Питер Нг пен жоғары оқу орнының вице-президенті доктор Радж Кумар бастап келді. Бұл маңызды сапардың басты мақсаты — екі жетекші білім ордасы арасында тығыз халықаралық ынтымақтастықты орнату және өзара түсіністік туралы меморандумға ресми түрде қол қою.
AIU ректоры А.Б. Мырзағалиева бекіткен ауқымды бағдарлама аясында қонақтар қазақстандық жоғары оқу орнының инфракұрылымымен егжей-тегжейлі танысып, университет мұражайын аралап шықты. Күн тәртібінде стратегиялық институционалдық өзара іс-қимыл, әлемдік рейтингтерге қатысу, сондай-ақ бірлескен академиялық және ғылыми жобаларды іске қосу мәселелері талқыланды. Талқылаудың негізгі тақырыбы — Қазақстанда UCSI университетінің толыққанды филиалын (бранч кампус) ашу перспективалары болды.
Кездесулер қорытындысы бойынша тараптар «2 жыл + 1 жыл» моделін іске асыру шеңберінде нақты әрі ауқымды келісімдерге қол жеткізді. Білім беру бағдарламаларын кезең-кезеңімен іске қосу жоспары бекітіліп, оның ең алғашқы маңызды қадамы Foundation (дайындық) бағдарламасын іске қосу керек деп шешті. Тараптар Foundation бағдарламасы бойынша эксперттерді алдағы жылдың өзінде-ақ қабылдауға дайын екендігін растады.
Келесі кезең — 2027 оқу жылына жоспарланған негізгі бағдарламаларға студенттерді толыққанды қабылдау. Осы жүйелі академиялық интеграциялық процестің қорытындысы ретінде, Astana International University базасында Малайзия университетінің ресми филиалы (бранч кампус) ашылмақ.
Ресми іскерлік бөлімнен бөлек, малайзиялық қонақтар үшін Қазақстан Республикасының Президенттік орталығына экскурсия ұйымдастырылды. Сондай-ақ сапар аясында Малайзияның Қазақстан Республикасындағы Елшілігінде маңызды дипломатиялық кездесу өтті, бұл екі ел арасындағы уағдаластықтың жоғары мәртебесі мен маңыздылығын айғақтайды.
Бөлісу:
Фотогалерея














