Педагогикалық институт ғалымдары Санкт-Петербургте ғылыми тағылымдамадан өтті









Жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық туралы шарт аясында және Академиялық алмасу хаттамасын орындау мақсатында Педагогикалық институттың аға оқытушылары Санкт-Петербург қаласында өнімді ғылыми тағылымдамадан өтті. PhD докторлары Д.Р. Сапарова мен Ш.Т. Тустубаеваның сапарының негізгі мақсаты кәсіби біліктілікті арттыру, шетелдік әріптестермен белсенді тәжірибе алмасу, берік халықаралық байланыстар орнату және бірлескен ғылыми мақалаларды жазу үшін бірегей материалдар жинақтау болды.
PhD доктор Д.Р. Сапарованың тағылымдама бағдарламасы мәдениеттану және философия саласындағы байланыстарды тереңдетуге бағытталды. Сапар барысында ол бейінді кафедраның жетекші профессорларының дәрістеріне қатысып, бірінші курс магистранттары үшін авторлық семинар өткізді. Қазақстандық кейс мысалында цифрлық ұрпақтың мәдени кеңістігіне арналған бұл семинар қатысушылар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Сондай-ақ, қалалық ортаны мәдени және білім беру ресурсы ретінде қарастырған бүкілресейлік ғылыми-тәжірибелік конференцияға (Каганов оқулары) қатысу маңызды оқиға болды. Мәдениеттану, мәдениет философиясы және эстетика кафедрасының меңгерушісі Б.Г. Соколовпен және университеттің халықаралық бөлімімен өткен ресми кездесулер серіктестікті нығайтуға серпін берді. Келіссөздер нәтижесінде профессор-оқытушылар құрамының өзара дәріс оқуы, студенттердің тұрақты академиялық ұтқырлығын ұйымдастыру және бірлескен халықаралық конференциялар өткізу туралы стратегиялық уағдаластықтарға қол жеткізілді.
PhD доктор Ш.Т. Тустубаеваның тағылымдамасы ғылыми-практикалық және жаратылыстану бағытында өтті. Оның ғылыми қызметі ботаника, геоботаника және өсімдіктер экологиясы, сонымен қатар генетика, биохимия және өсімдіктер физиологиясы кафедраларының базасында шоғырланды. Академиялық интеграция аясында зерттеуші аспиранттардың диссертациялық жұмыстарын ашық талқылауға қатысып, студенттердің бітірушілік жұмыстарының алдын ала қорғауларында сарапшы ретінде бой көрсетті. В.Л. Комаров атындағы Ботаникалық бақта тікелей жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстары практикалық бағдарламаның маңызды бөлігіне айналды. Ресейлік әріптестермен кездесулердің басты нәтижесі — болашақ ғылыми өзара іс-қимыл векторларын айқындау және халықаралық ғылыми гранттарға бірлесіп өтінім беру туралы келісім жасасу болды.
Жеке зерттеу жоспарларын орындаумен қатар, оқытушылар Ресей ұлттық кітапханасы мен Философия институты кітапханасының қорларында ауқымды бірлескен жұмыс жүргізді. Жиналған бай теориялық материалдар болашақ бірлескен ғылыми жарияланымдардың негізіне айналды. Сондай-ақ, мәдени астанаға сапар ғалымдардың әлемдік тарихи мұрамен танысуына мүмкіндік берді. Тәжірибешілер Мемлекеттік Эрмитажды, Петергофтың сарай-парк ансамблін, сондай-ақ қаланың басты соборлары мен мұражайларын аралады. Академиялық алмасу қорытындысы бойынша алға қойылған барлық мақсаттар мен міндеттер толық орындалып, жоғары оқу орындары арасындағы халықаралық ынтымақтастықтың одан әрі өркендеуіне берік негіз қаланды.
Бөлісу:
Фотогалерея





