Астана халықаралық университетінің профессоры Өзбекстандағы халықаралық конференцияға қатысты









Өзбекстан Республикасының Қарши қаласындағы Азия технологиялық
университетінде «Орталық Азия өркениеті жүйесіндегі Өзбекстан тарихы
мен мәдениеті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық
конференция өтті. Іс-шара офлайн және онлайн форматта ұйымдастырылып,
түрлі елдерден келген ғалымдар, зерттеушілер мен жоғары оқу орындарының
оқытушыларын біріктірді.
Конференция Орталық Азия халықтарының тарихы, білімі, мәдениеті
және гуманитарлық ынтымақтастығы мәселелерін талқылауға арналған
маңызды ғылыми алаңға айналды. Қатысушылар өз зерттеу нәтижелерімен
бөлісіп, ғылыми пікір алмасып, пәнаралық байланысты одан әрі дамыту
жолдарын қарастырды.
Конференция барысында Өзбекстанның тарихи ғылым саласының
жетекші өкілдері мен шетелдік университеттердің ғалымдары мазмұнды
баяндамалар жасады. Олардың қатарында Өзбекстан Республикасы Ғылым
академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, Мирзо Ұлықбек
атындағы Өзбекстан ұлттық университетінің профессоры А. С. Сағдуллаев;
Өзбекстан Республикасының ғылым қайраткері, Беруни атындағы
Мемлекеттік сыйлықтың және «Достық» орденінің иегері, тарих
ғылымдарының докторы, профессор Р. Х. Сулейманов; тарих ғылымдарының
докторы, профессор Х. Э. Юнусова болды.
Қатысушылардың ерекше қызығушылығын Тәжік педагогикалық
институтының профессоры Ш. Х. Вохидовтың «Шахрошуб» жанрындағы
шығармалардағы қалалық қолөнер мен қолөнершілерге арналған баяндамасы
тудырды. Сонымен қатар XIX ғасырдағы Жібек жолы жағдайындағы Батыс
Түркістан хандықтарының экономикалық және саяси маңызы, 1892 жылғы
Ташкенттегі холера көтерілісі, сондай-ақ Өзбекстандағы жеке және
мемлекеттік емес жоғары оқу орындарының дамуы мәселелері талқыланды.
Астана халықаралық университеті атынан конференция жұмысына
Педагогикалық институттың профессоры, педагогика ғылымдарының
докторы Замира Джураевна Баубекова қатысты. Ол Қазақстан атынан сөз
сөйлеп, Орталық Азия халықтарының тарихи-мәдени өзара байланысы
мәселелеріне арналған ғылыми пікірталасқа қатысты.
Әр баяндамадан кейін белсенді талқылау ұйымдастырылып, ұсынылған
зерттеулердің жоғары ғылыми деңгейі мен қатысушылардың кәсіби диалогты
жалғастыруға деген қызығушылығы айқын көрінді.
Аталған конференция Орталық Азия тарихы мен мәдениетін зерттеу
өңір халықтарының ортақ мәдени мұрасын сақтау, өзара түсіністікті нығайту
және гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту жолындағы маңызды бағыт
екенін тағы бір мәрте көрсетті.
Бөлісу:
Фотогалерея





