Астанада Орталық Азиядағы қытай тілі мұғалімдеріне арналған семинар өтті

2025 ж. 22 сәу., сс, 09:55

2025 жылғы 20 сәуірде, Халықаралық қытай тілі күніне орай, Астанада Орталық Азиядағы қытай тілі мұғалімдерінің оқыту құзыреттілігін арттыру тақырыбында ауқымды семинар өтті. Шараны Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Елшілігі бастамашы етсе, ұйымдастырушы ретінде Бейжің тілі және мәдениеті университетінің Қазақстандағы филиалы болды.

Семинардың ашылуында ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь, Астана халықаралық университетінің президенті Серік Азтаевич Ирсалиев және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің белгілі қытайтанушы профессоры Клара Шайсултанқызы Хафизова сөз сөйледі. Іс-шараға Бейжің тілі және мәдениеті университетінің ректоры Дуань Пэн бейнеүндеу жолдады.

Елші Хань Чуньлинь қазақтың «Тіл – адамның жанының кілті» деген мақалын келтіріп, қытай тілінің мыңжылдық өркениеттің даналығын әлемге жеткізетінін атап өтті. Ол қытай жазуының бірегейлігін, атап айтқанда «жэнь» (гуманизм) және «дао» (жол) иероглифтерін, сондай-ақ Қытай ғылымы мен мәдениетінің жетістіктерін тілге тиек етіп, Қазақстанда қытай тілін оқытуды «алтын мүмкіндік» деп атады.

Астана халықаралық университетінің президенті Серік Азтаевич Ирсалиев семинардың маңыздылығына тоқталып, оны тәжірибе алмасу, кәсіби қауымдастық құру және екі елдің білім беру мекемелері арасындағы ынтымақтастықты кеңейту алаңы ретінде бағалады.

Өз бейнеүндеуінде Бейжің тілі және мәдениеті университетінің ректоры Дуань Пэн Қазақстандағы филиалды Қытай мен Қазақстан арасындағы гуманитарлық алмасудың «маржаны» деп атап, оның ерекше миссия атқаратынын жеткізді. Ол семинардың аймақта қытай тілін дамытуда тірек нүктесіне айналатынына үміт білдірді.

Профессор Клара Шайсултанқызы Хафизова өз сөзінде қытай иероглифтерінің көркемдігін, тондардың маңызын және қытай тілінің өңір халықтарының этномәдени тарихымен байланысын ашып көрсетті.

Бейжің тілі және мәдениеті университеті, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Назарбаев Университеті және басқа мекемелердің сарапшылары баяндама жасады. Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қытайдан келген 100-ге жуық қатысушы белсенді түрде пікірталасқа қатысты.

Семинарға қатысқан сарапшылар мен педагогтер іс-шараның табысты өткенін бірауыздан атап өтті: жаңа білім алынды, тәжірибе алмасылды, өзекті мәселелер талқыланды, Қазақстандағы қытай тілі оқытудың жай-күйі тереңірек түсінілді. Глобалдық өзгерістер аясында қытай тілінің болашағы, иероглифтерді оқытудағы халықаралық стандарттардың рөлі, «теория аз – практика көп» тәсілінің тиімділігі, халықаралық оқытуда Deepseek технологиясын қолдану теориясы мен әдістемесі, сондай-ақ бастауыш кезеңге арналған мәдени оқулықтарды құрастыру бағытындағы жаңа талпыныстар сөз болды. Семинардан кейін пікір алмасу жалғасып, қатысушылар идеяларымен бөлісіп, Қазақстанда қытай тілін оқытуды нығайту мен дамытуға өз үлесін қосуға дайын екендерін білдірді.


99