Sultan Idris Education University делегациясымен өткен стратегиялық кездесу қорытындылары






























Astana International University (AIU) малайзиялық жетекші жоғары оқу орны — Sultan Idris Education University (UPSI) делегациясымен өткен ауқымды кездесулер легін қорытындылады. Бұл сапар AIU-дың интернационализация стратегиясын жүзеге асырудағы маңызды қадам болып, университетіміздің Орталық Азиядағы негізгі ғылыми-білім беру хабы ретіндегі мәртебесін айқындай түсті. 11 сәуірде іргетасы қаланған ынтымақтастық 27 сәуірде өткен кездесудің екінші бөлімінде нақты жаһандық бастамаларды пысықтау кезеңіне ұласты.
Университетіміз үшін UPSI-мен серіктестік — стратегиялық серпіліс. Келіссөздер аясында тараптар әлемдік бәсекеге қабілеттілікті арттыру, халықаралық рейтингтерде бірлесіп ілгерілеу және дамудың ұзақ мерзімді стратегияларын іске асыру мәселелеріне баса назар аударды. Интернационализация саласындағы тәжірибе алмасу академиялық үдерістерді терең интеграциялауға жағдай жасап, AIU студенттері мен оқытушыларына әлемдік озық білім беру практикаларына жол ашады.
Сапар барысында малайзиялық әріптестер AIU-дың ғылыми-зерттеу әлеуетін зерделеуге ерекше көңіл бөлді. Делегация ЖОО-ның озық инфрақұрылымымен танысып, аналитикалық химия және физика-химиялық талдау зертханаларын аралады.
Кампуспен танысу бағдарламасында биология әдістемелік кабинетін аралау да қамтылды, онда жаратылыстану ғылымдарын оқытудың заманауи тәсілдері талқыланды. Бұдан бөлек, UPSI өкілдері AIU-дың тарихы мен құндылықтарынан сыр шертетін университет музейінде және университетіміздегі шығармашылық индустрия мен таланттарды қолдау орталығы ретінде танылған шеберханамызда болды.
Сапар қорытындысы бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми гранттарды іске қосуға берік негіз қалады. Sultan Idris Education University-мен құрылған бұл альянс AIU-дың жаһандық ғылыми кеңістікке кірігуіне және Малайзияның озық халықаралық тәжірибесін енгізу арқылы білім сапасын арттыруға қуатты серпін берді.
Бөлісу:
Фотогалерея












