AIU «Қазақстан - Ресей» сарапшылар диалогының алаңына айналды

2026 ж. 20 нау., жм, 08:02

Бүгінде Еуразия аймағы әлемдік тұрақтылық орнайтын, жаңа сауда жолдары ашылатын және энергетикалық қауіпсіздік нығаятын маңызды орталыққа айналуда. Осындай маңызды кезеңде AIU 2026 жылдың 19 наурызында еліміз бен Ресейдің жетекші сарапшыларының, ғалымдары мен дипломаттарының басын қосты. Кездесу Горчаков қорының бастамасымен «Еуразиялық диалог. Қазақстан-2026» бағдарламасы аясында өтті.

Жиын басында Ресейдің Қазақстандағы Елшісі Алексей Бородавкин алғы сөз сөйлеп, екі ел арасындағы достық пен саяси-экономикалық байланыстың жоғары деңгейде екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол биылғы жылдың алғашқы жартысында Ресей Президенті Владимир Путиннің Қазақстанға іссапармен келуі жоспарланып отырғанын хабарлады.

Ата-аналар мен талапкерлер үшін маңызды жаңалық: Ресей тарапы Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде 3 жаңа мектеп салуды жоспарлап отыр. Бұл мектептер балаларды техникалық мамандықтарға баулып, екі елдің үздік жоғары оқу орындарына түсуге дайындайды.

Университет президенті Серік Ирсалиев өз сөзінде AIU-дың Ресейдің үздік жоғары оқу орындарымен тығыз жұмыс істейтінін айтты. Қазіргі таңда Қазақстанда Ресейдің 9 ірі университетінің филиалы ашылған, ал қазақстандықтар Ресейде ең көп білім алып жатқан шетелдік студенттер қатарында. Бұл біздің студенттер үшін тәжірибе алмасуға және сапалы білім алуға үлкен мүмкіндік береді.

Кездесу соңында қатысушылар AIU базасында Қазақстан мен Ресей мамандары тұрақты бас қосатын арнайы диалог алаңын құруды ұсынды. Бұл болашақта екі елдің жастары мен ғалымдары үшін жаңа жобалардың бастауы болмақ.


198