AIU алаңында Қазақстанның стратегиялық бағыты талқыланды

2026 ж. 16 нау., дс, 05:59

Бүгінгі таңда халықаралық қатынастар жүйесі бірқатар өзгерістерді бастан кешіруде. «Орта державалардың» рөлі геосаяси бәсекелестіктің күшеюі мен әлемдік экономикалық архитектураның қайта құрылуы барысында ерекше маңызға ие болуда. Мұндай алмағайып заманда мемлекеттің ішкі институционалдық тұрақтылығы мен жаңаруға қабілеттілігі оның жаһандық аренадағы орнын айқындайтын басты фактор.

Аталған өзекті мәселелерді талқылау мақсатында Astana International University (AIU) қарасты CFive аналитикалық платформасы «Өзгермелі әлемдік жүйе барысындағы Қазақстан: саяси реформалар және институционалдық трансформация» атты халықаралық эксперттік дискуссия өткізді. Жиынға Конституциялық референдум барысын бақылауға келген беделді шетелдік сарапшылар мен халықаралық журналистер қатысты.

Іс-шараны ашқан AIU Президенті Серік Ирсалиев ел дамуының стратегиялық векторын айқындауда сарапшылық диалогтың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, академиялық орта мен халықаралық сарапшылардың интеграциясы мемлекеттік жаңғыру процестерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

Талқылау барысында халықаралық аналитиктер Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесін заманауи талаптарға сай бейімдеу және саяси институттарды нығайту мәселелеріне баса назар аударды. Өз кезегінде Альберто Туркстра (Diplomatic World), доктор Доменико Пальмиери (ISIA), доктор Малгожата Самоедны (OIFA), Уэсли Александр Хилл (ITIC) және Ральф Винни (Америка-Еуразия орталығы) сынды сарапшылар Қазақстанның институционалдық тұрақтылығы мен демократиялық бағыттағы қадамдарына кәсіби талдау жасады.

Кездесудің маңызды нәтижесі ретінде CFive аналитикалық платформасы мен Итальяндық Азия институты (ISIA) арасындағы ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Бұл құжат екі елдің зерттеу орталықтары арасындағы академиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеріп, бірлескен ғылыми жобаларға жол ашады.

Ресми бөлімнен кейін қатысушылар еркін форматта пікір алмасып, Қазақстанның жаңа геосаяси жағдайдағы мүмкіндіктерін жан-жақты пайымдады. Бұл кездесу AIU-дың тек білім ордасы емес, сонымен қатар еліміздің болашағына қатысты маңызды шешімдер мен идеялар талқыланатын ірі интеллектуалды хаб екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

 


366