АIU-де профессор Манат Мұстафаның ашық дәрісі өтті

2026 ж. 13 нау., жм, 11:23

2026 жылғы 13 наурызда Astana International University қабырғасында елімізге танымал ғалым, Назарбаев университетінің қауымдастырылған профессоры Манат Мұстафаның қатысуымен мазмұнды ашық дәріс ұйымдастырылды. Іс-шара университеттің академиялық ортасын дамыту мен студенттердің интеллектуалды әлеуетін арттыру мақсатында өткізілді.

Дәріс барысында спикер өзінің көпжылдық ғылыми зерттеулері мен қазіргі заманғы математиканың іргелі бағыттарына кеңінен тоқталып, математикалық логика, есептеу теориясы және сандар теориясы сияқты күрделі салалардың бүгінгі таңдағы маңыздылығы мен олардың практикалық қолданысы туралы өзекті ақпараттар берді. Профессор қазіргі ғылымдағы жаңа тенденциялар мен жаһандық зерттеулердің бағыттарын талдап, математикалық білімнің болашақ технологиялар мен алгоритмдерді қалыптастырудағы рөлін ашып көрсетті.

Кездесу барысында халықаралық ғылыми ортадағы жұмыс тәжірибесі мен ғылыми жобаларды жүзеге асырудың ерекшеліктері туралы баяндады. Студенттер мен жас зерттеушілер өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, ғалымнан кәсіби кеңестер алды. Сұрақ-жауап кезеңінде есептеуіш математиканың заманауи мәселелері мен ғылыми ізденіс жолындағы маңызды қадамдарды талқылады.

Іс-шараға университеттің оқытушылары, магистранттары мен студенттері белсене қатысып, бұл кездесу ғылымдағы өзекті тақырыптар бойынша еркін пікір алмасу алаңына айналды. Мұндай кездесулер жастардың ғылыми қызығушылығын оятуға, академиялық қауымдастық арасындағы тәжірибе алмасу үдерісін нығайтуға және болашақ отандық зерттеушілердің кәсіби тұрғыда қалыптасуына айтарлықтай септігін тигізеді.


69