Астана халықаралық университетінде «Математикалық апталық» аясында «Мектеп
математикасының өзекті сұрақтары: тәрбие, ғылыми жұмыстар, әдістеме»
тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара мектеп пен университет арасындағы кәсіби
байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ педагог кадрларды даярлау сапасын арттыруға
бағытталды.
Дөңгелек үстел жұмысына Астана қаласы әкімдігінің №54, 56, 66, 83, 102, 107
мектептерінің, сондай-ақ Ы. Алтынсарин және Ә. Бөкейхан атындағы BINOM
мектептерінің тәжірибелі ұстаздары қатысты. Университеттің профессор-оқытушылар
құрамы, жас зерттеушілер және педагогикалық білім беру бағдарламаларының
стейкхолдерлері қатысып, мектеп пен жоғары оқу орны арасындағы өзара іс-әрекеттің
өзекті бағыттарын талқылады.
Кездесу барысында мектеп математикасын оқытудың қазіргі мәселелері,
оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына қызығушылығын дамыту, олимпиадалық
дайындық, сондай-ақ болашақ математика мұғалімдерін даярлау сапасын жетілдіру
мәселелері кеңінен қарастырылды.
Сонымен қатар, қатысушылар педагогикалық білім беру бағдарламаларын жаңарту,
олардың мазмұнын қазіргі білім беру талаптарына және мектеп тәжірибесіне сәйкес
жетілдіру бағытында ұсыныстарын білдірді. Бұл тұрғыда мектеп мұғалімдері мен
университет оқытушылары арасында ашық пікір алмасу жүргізіліп, білім беру
бағдарламаларын жетілдіруге қатысты нақты ұсыныстар айтылды.
Дөңгелек үстел стейкхолдерлермен тиімді өзара әрекеттестікті дамытуға, педагогикалық
білім беру бағдарламаларын жаңарту бойынша ұсыныстар жинауға және мектеп пен
университет арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды алаң болды.







