Ата Заңның жаңа жобасы адам капиталын дамытуға және академиялық ортаны басымдықпен қаржыландыруға жол ашады.
Астана халықаралық университетінде (AIU) өткен дөңгелек үстел барысында Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасы жан-жақты талқыланды. Жаңа Конституция шеңберінде білім мен ғылымның стратегиялық басымдықтар қатарына қосылуы бұл саланы институционалды тұрғыда нығайтып, оны ұлттың басты құндылықтарының бірі ретінде бекітеді. Енді мемлекет ең алдымен білім мен ғылымға көңіл бөліп, қаржыландыру мәселесінде бірінші кезекте университеттер мен ғылыми орталықтардың қажеттілігін өтейтін болады.
Университет ректорының міндетін атқарушы Қайрат Амангелдіұлы модераторлығымен өткен жиында Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау саяси модернизация мен жаңа ережелердің маңызын ашса, депутат Екатерина Смолякова бюджеттік қаражаттың ең алдымен ғылым мен білімге, академияға бөлінетінін нақтылады. AIU Президенті Серік Ирсалиев өз сөзінде білімнің сапасы қоғамның бақыты мен әл-ауқатының тікелей кепілі екенін айтса, ал заңгер-ғалым Ержан Жамбаев конституциялық реформаның ел дамуына беретін жаңа мүмкіндіктеріне құқықтық талдау жасады.
Кездесу соңында профессор-оқытушылар құрамы «Заң мен Тәртіп» қағидаты төңірегінде өзекті сұрақтарын қойып, мазмұнды пікір алмасты.









