Ұлттық киім – жастардың өзін тану жолы!

2026 ж. 5 ақп., бс, 05:53

2026 жылы 3 ақпанда Астана халықаралық университетінде ерекше кездесу өтті. Педагогикалық институт студенттері «Заманауи стильдегі ұлт коды: ұлттық киім жастардың болмысын қалай қалыптастырады» деген тақырыпта еркін пікір алмасты.

Кездесудің басты ұйымдастырушылары белгілі ғалымдар, профессор Замира Баубекова мен аға оқытушы Нина Власова болса, басты қонағы – «Жасар» модельдік бизнесінің жетекшісі, дизайнер Қорлан Қалиева.

Мәдениет – ұлттың тілі. Жиында тек сән әлемі ғана емес, ұлттық киімнің терең мағынасы сөз болды. Профессор Замира Баубекова: «Ұлттық киім – бұл біздің кім екенімізді білдіретін тіл. Ол арқылы біз өз құндылықтарымызды әлемге танытамыз», – деп атап өтті.

Қазіргі трендтер тез өзгеретін заманда өз болмысыңды жоғалтпау өте маңызды. Сол себепті, ұлттық нақыштағы киімдер ескінің қалдығы емес, тарих пен бүгінгі күнді жалғайтын алтын көпір.

Кездесу барысында «Жасар» ұжымы заманауи үлгідегі ұлттық киімдерді таныстырды. Қорлан Сұлтанқызы ұсынған бірегей образдар студенттер мен оқытушыларды тәнті етті.

Доцент А. Қалиева: «Сахнадағы образдар қазақ қоғамындағы қайсар қыздарды болашақтың кейпіндде кездестіргендей әсер қалдырды», – деп баға берді.

Профессор К. Ибраева киімдердің нәзіктігі мен заманауи пішіміне ерекше тоқталды.

Педагогикалық институт студенттері бұл кездесуден кейін ұлттық киімге басқаша қарай бастағандарын жеткізді. Олар үшін қазақы нақыштағы киім – жай ғана сәндік үшін емес, саналы түрде жасалған таңдау мен ішкі еркіндіктің белгісі.

Кездесу соңында Педагогикалық институт деканының орынбасары Гүлім Каримова мұндай шаралардың тәрбиелік мәні зор екенін айтып, бұл кездесулердің университетте игі дәстүрге айналатынына үмітті.


85