Студенттердің психологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған кездесу өтті

2025 ж. 8 жел., дс, 09:44

Астана халықаралық университетінің Жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінде 5 желтоқсан күні танымал психолог, қоғамдастық арасында кеңінен танылған маман Серікгүл Сәліммен студенттерге арналған мазмұнды кездесу ұйымдастырылды. Шараға РГиТ-23 және РГиТ-25 оқу топтарының студенттері қатысып, кездесуді пән оқытушысы Н.С. Ауезова өткізді.

Кездесудің негізгі мақсаты – жастардың психологиялық сауаттылығын арттыру, стрессті басқару мәдениетін қалыптастыру, өзін-өзі дамыту мен оқу мотивациясын күшейту болды. Бүгінгі жоғары оқу орны студенті тек кәсіби біліммен шектелмей, эмоционалдық тұрақтылық пен тұлғалық кемелденуге де назар аударуды қажет етеді. Осы бағытта өткізілген шара студенттер үшін маңызды әрі пайдалы ақпарат ұсынды.

Серікгүл Сәлім өз сөзінде өзін-өзі танудың жеке тұлға қалыптасуындағы рөлі, стрессті еңсерудің тиімді тәсілдері, мақсат қою мәдениеті және заманауи студент өміріндегі психологиялық қиындықтарды жеңу жолдары жөнінде өз тәжірибесіне сүйене отырып кеңінен тоқталды.

Кездесу барысында қоғамда жиі талқыланатын лудомания мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Спикер ойынқұмарлықтың психологиялық тәуелділіктің бір түрі екендігін, оның жас буынның оқу үлгеріміне, кәсіби дамуына және жеке өміріне елеулі қауіп төндіретінін атап өтті. Сонымен қатар, тәуелділіктің белгісін ерте кезеңде танып, оның алдын алу тетіктерін түсіндірді.

Студенттер тарапынан қойылған сұрақтар кездесудің өзектілігін көрсетті. Тыңдаушылар спикерден нақты кеңес алып, психологиялық тұрақтылыққа қатысты практикалық ұсыныстармен танысты. Жалпы, бұл басқосу жас ұрпақтың өзін-өзі дамытуына, өмірлік дағдыларын жетілдіруге серпін беретін маңызды шаралардың бірі болды.


444