ЕҚЫҰ қамқорлығымен өткен фотокөрме

2025 ж. 5 жел., жм, 11:56

Астана халықаралық университеті (AIU) мен ЕҚЫҰ бағдарламалар офисі жыл сайын өтетін «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді іс-қимыл» халықаралық кампаниясы аясында бірлескен фотокөрме ұйымдастырды. Көрменің мақсаты кез келген зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік қалыптастыру, сондай-ақ әйелдер мен балаларды қорғауға бағытталған құқықтық және гуманитарлық тетіктерді күшейту.

Экспозицияда Қазақстанның төтенше қызмет мамандары мен мемлекеттік органдарының деректі фотосуреттері ұсынылды. Олардың қатарында Төтенше жағдайлар министрлігі, Алматы қаласы ТЖД, Медициналық жедел апат орталығы, «Қазавиақұтқару» бөлімшесі және «Жан-Сая» дағдарыс орталығы бар.

Кадрлар күнделікті қызмет барысында адам өмірін құтқаруға, қолдау көрсетуге және қайта оңалтуға атсалысатын мамандардың жұмысын шынайы қалпында көрсетеді. Психологтар, парамедиктер, өрт сөндірушілер мен еріктілердің еңбегі арқылы көрермендер гендерлік зорлық мәселесін нақты адам тағдыры мен тәжірибесі тұрғысынан түсіне алады.

Фотокөрмені Астана халықаралық университетінің вице-президенті Қайрат Амангелдіұлы Абдрахманов ашты. Ол өз сөзінде университеттің гендерлік теңдік мәселесіне тұрақты түрде назар аударатынын, мұндай бастамалар қауіпсіз білім беру және әлеуметтік орта қалыптастыруға маңызды үлес қосатынын атап өтті.

ЕҚЫҰ бағдарламалар офисінің басшысы Алексей Рогов университетке алғыс білдіріп, мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам және білім беру ұйымдары арасындағы жүйелі өзара іс-қимылдың гендерлік қауіпсіздікті нығайтудағы маңызын атап өтті.

ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы офисі жастардың адам құқықтары жөніндегі білімін арттыруға, зорлық-зомбылықтың алдын алуға және әлеуметтік қорғау институттарын дамытуға бағытталған бастамаларды қолдауды әрі қарай жалғастыруға дайын екенін білдірді.

 


1151