2025 жылғы 1 қарашада Бейжің тіл және мәдениет университетінің (Beijing Language and Culture University, BLCU) президенті Дуань Пэн Astana International University (AIU) базасында ашылған BLCU филиалына ресми сапармен келді.
    Іс-шараға AIU басшылығы, BLCU-дің Қазақстандағы өкілдері, оқытушылар мен студенттер қатысты.
  AIU президенті Серік Ирсалиев мәртебелі мейманға оқу аудиторияларын таныстырып, университеттің білім беру және ғылыми қызметі, сондай-ақ студенттер үшін қолайлы инфрақұрылым қалыптастыру бағытындағы жоспарлар жөнінде баяндады.
  Сапар барысында Дуань Пэн профессор-оқытушылар құрамымен және студенттермен кездесіп, екі ел арасындағы достық байланыстар мен мәдени өзара түсіністікті дамытудағы тілдік білімнің маңыздылығын атап өтті.
     Тараптар білім беру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту, қытай тілі мамандарын бірлесіп даярлау және қос дипломды бағдарламаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
     AIU мен BLCU арасындағы серіктестік студенттерге жоғары сапалы білім алуға, тілдік және мәдени құзыреттерін жетілдіруге, сондай-ақ халықаралық ғылыми жобаларға қатысуға мүмкіндік береді.
    Бірлескен жобалардың табысты жүзеге асуы Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени және білім беру байланыстарын нығайтып, академиялық, саяси және экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге серпін береді деп күтілуде.














