ЭКОНОМИКА ЖОҒАРЫ МЕКТЕБІ КОМАНДАСЫН ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ - ҚАЗАҚСТАНДА МҮГЕДЕКТІГІ БАР АДАМДАРДЫ ЖҰМЫСҚА ИНТЕГРАЦИЯЛАУҒА БАҒЫТТАЛҒАН АЛҒАШҚЫ ҒЫЛЫМИ ЖОБАҒА ГРАНТ ИЕГЕРЛЕРІ!

2025 ж. 25 шіл., жм, 09:49

Әлемде әлеуметтік кәсіпкерліктің үлесі жалпы кәсіпорындардың шамамен 3-4% құрайды. Бұл салада АҚШ (5%) пен Ұлыбритания (7%) көш бастап тұр. Қазақстанда бұл көрсеткіш 1%-дан аз. Бүгінде әлеуметтік кәсіпкерлік – азаматтарды экономикаға тартудың және инклюзивті жұмыспен қамту түрлерін дамытудың тиімді құралы болып отыр.

Astana International University әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мен әлеуметтік осал топтардың мәселелерін шешу миссиясын өз мойнына алды.

Біз - ТМД, Орталық Азия және Қазақстан Республикасы аумағында әлеуметтік кәсіпкерлерді даярлауды жүзеге асырған алғашқы жоғары оқу орнымыз. 2021-2024 жылдар аралығында Astana International University ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің грантын ұтып алып, "Өрелі ұрпақ" әлеуметтік кәсіпкерлік мектебі - ҮЕҰ Академиясы жобасын іске асырды. 2022 жылы алғашқы әлеуметтік кәсіпкерлік мамандығы бойынша магистр түлектерімізді шығардық. Қазіргі таңда Astana International University - Қазақстандағы алғашқы әрі жалғыз әлеуметтік инновациялық хабтың серіктес-қауымдасқан қатысушысы.

Біз әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелерді ғылыми тұрғыдан алғаш болып зерттей бастадық. Алғашқы ғылыми жоба Қазақстандағы әлеуметтік осал топтардың жұмыспен қамтылу мәселелеріне арналды (ҒФ 2023–2025 жж.). Әлі де өзекті болып отырған мәселе - мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту. БҰҰ деректеріне сәйкес, тіпті дамыған елдерде де мүгедектігі бар адамдардың тек 30-50% ғана жұмыспен қамтылған. Қазақстанда бұл проблема анағұрлым күрделі, себебі бұл топтағы адамдардың жұмыссыздығы олардың әлеуметтік оқшаулануын және экономикалық теңсіздігін тереңдете түседі.

Қазақстанда алғаш рет “Мүгедектігі бар адамдарды еңбек нарығына интеграциялау: еңбекке бейімдеудің кешенді бағдарламасын әзірлеу” ғылыми жобасы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2025-2027 жылдарға арналған гранттық қолдауын алды. Бұл жоба мемлекет пен қоғам үшін стратегиялық маңызды екендігін көрсетеді.

Жобалық топ құрамында ғылыми жетекші, э.ғ.к., PhD Смағұлова З.К., PhD Оқутаева С.Т., PhD Байбаш Г.К., магистр, Қазақстандағы әлеуметтік кәсіпкерлер қауымдастығының негізін қалаушы Асқаров Е.Х. бар. Топтың мақсаты - мүгедектігі бар адамдарды еңбекке бейімдеудің кешенді бағдарламасын әзірлеп, Қазақстанда оны сынақтан өткізу. Бұл бағдарлама жұмыс берушілерді оқытуды, мүгедектігі бар үміткерлерді еңбек қызметіне дайындауды және менторлық қолдауды қамтиды.

Бұл жай ғана зерттеу емес - бұл халықаралық стандарттар мен әлемдік үздік тәжірибелерге негізделген әлеуметтік саясатты өзгертудің нақты құралы.


380