1534
AIU халықаралық Times Higher Education Sustainability Impact Rankings 2026 рейтингіне енді

Astana International University (AIU) тұрақты даму саласындағы ең беделді халықаралық рейтингтердің бірі — Times Higher Education (THE) Sustainability Impact Rankings 2026 тізіміне еніп, әлемдік университеттердің қатарына қосылды.
Аталмыш рейтинг университеттердің Біріккен Ұлттар Ұйымының ішіндегі 17 түрлі Тұрақты даму мақсатына (SDGs) қосқан үлесін, соның ішінде білім сапасын, гендерлік теңдікті, ғылыми зерттеулерді, халықаралық ынтымақтастықты, экологиялық жауапкершілік пен әлеуметтік ықпалды бағалайды.
Ағымдағы жылы бұл рейтингке әлемнің түкпір-түкпірінен 1603 университет қатысып, бағалау қорытындысы бойынша Astana International University 1001–1500 тобына аяқ тіреді.
Университетіміз жоғары позицияларда көрінген бағыттар:
SDG 5 – Гендерлік теңдік (Gender Equality): әлемнің 1095 университеті арасында 201–300 тобында;
SDG 8 – Лайықты жұмыс және экономикалық өсу (Decent Work and Economic Growth): 401–600 тобы;
SDG 14 – Су астындағы экожүйелерді сақтау (Life Below Water): 401+ тобы;
SDG 4 – Сапалы білім беру (Quality Education): 601–800 тобы.
Мұндай нәтижелер университетіміздің инклюзивті білім берудегі даму талпынысын, тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, студенттерді қолдау, ғылыми қызметті, халықаралық ынтымақтастықты дамыту және тұрақты даму принциптерін іске асыру бағытындағы жүйелі жұмысын көрсетеді.
AIU-дің Times Higher Education Sustainability Impact Rankings рейтингіне қатысуы университет қызметінің тұрақты дамудың халықаралық стандарттарына сәйкестігін растайды және Университеттің даму стратегиясын жүзеге асыруда маңызды кезең екенін көрсетеді.
Алдағы уақытта университет тұрақты даму жүйесін жетілдіруді, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуді, ғылыми әлеуетті нығайтуды және әлемдік білім беру кеңістігіндегі бәсекелестікті арттыруды әрі қарай жалғастырмақ.
Astana International University ұжымы осындай зор нәтиже көрсетуге үлес қосқан профессорлық-оқытушылар құрамына, қызметкерлерге, студенттерге, түлектерге және халықаралық серіктестерге шын жүректен алғыс білдіреді.
Бөлісу:



