Астана
Халықаралық университетінде қазақтың
мәдени мұрасын, дәстүрі мен тілін терең ұғынуға арналған қазақстандық суретші
Минура Лұқпанның экспозициясы ұсынылды.Экспозиция
тарихи жадыны жаңғырту, деколониялық көзқарасты дамыту және ұлттық болмысты
сақтаудың өзекті мәселелерін көтеріп, көрерменге қазіргі қазақстандық мәдени
тұрғыда қалыптасуына терең үңілуге мүмкіндік береді.
«Tarihsyz. Tarih-siz» көрмесі - жаһандану үдерісінің ықпалында қазақ
мәдениетінің мән-мағынасы қалай өзгеріп, тіл, жады және ұлттық болмыс
арасындағы табиғи байланыс үзілген жағдайда не жоғалатынын терең зерделеуге
арналған шығармашылық жоба. Қазіргі ақпараттық ағында дәстүрдің талай қыры
көмескіленіп, кейбір ұғымдар уақыт сынынан өте алмай, келер ұрпаққа толық
жетпей жататыны жасырын емес. Автор осы көрме арқылы ұлттық болмысты сақтаудың
өзегі - сөзге, бейнеге, тарихи мұраға деген ұқыпты көзқарас екенін алға
тартады.
Минурдың туындылары көрерменді ата-баба мұрасының
құндылығын қайта бағамдауға, мәдени жады алдындағы азаматтық жауапкершілікті
сезінуге жетелейді. Өйткені дәл осы жады біздің ұжымдық «біз»
тұтастығымызды қалыптастырады.
Көрменің атауы - «Tarihsyz. Tarih-siz» - бір
ғана дыбыстық формада екі түрлі мағынаны қамтиды.
- Tarihsyz - «тарихсыз қалу», яғни тілдің, мәдени тамырдың
әлсіреуі мен рухани негіздің көмескіленуі;
- Tarih-siz - «тарих - бұл сіз» деген мағыналы үндеу.
Бұл - әр азаматтың ұлттық мәдениетті сақтау мен дамытудан тыс қалмайтынын
меңзейтін ой.
Жоба көтерген басты мәселе - ұлттық болмыстың жоғалуы
бір сәтте болмайды; ол күнделікті мәдени тәжірибелердің, тұрмыстық рәсімдердің,
ұмыт қалған сөздер мен ұғымдардың біртіндеп жойылуынан бастау алады. Осы
тұрғыдан алғанда, тарихты келер ұрпаққа жеткізу, рухани сабақтастықты үзбеу - әрбір
азаматтың өз қолындағы міндет. Siz - мәдениетті қайта жандандырып,
ұлттың рухани жадын жаңғырта алатын тұлға.
Көрменің өзегін «Жеті ата» ұғымының заманауи
интерпретациясын құрайды. Қазақ қоғамының ғасырлар бойғы құндылықтарына
негізделген бұл жүйе ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, тектік жадтың сақталуына
ықпал етеді. Автор визуалды шешімдер арқылы әр адамның рухани тамыры мен
ата-бабасына деген құрметінің маңызын айшықтайды.
Экспозицияда қазақтың тұрмыстық мәдени тәжірибелері де
көрініс тапқан. Әсіресе шай ішу дәстүрі - қонақжайлықтың, ізеттіліктің және
отбасы құндылықтарының көрінісі ретінде ұсынылған. Көрмеде күнделікті өмірдегі
қарапайым ритуалдардың қоғамдағы бірлік пен өзара сенімді қалыптастырудағы орны
терең ашылған.
Экспозициядағы ерекше туындылардың бірі - «El Ne
Der» картинасы. Шығарма «жұрт не дейді?» деген қоғамдық қысымның қазақ
санасындағы орнын көрсетеді. Шексіз бақылауды меңзейтін көлемді көздер қоғамның
үнемі бағалап, кейде тежеп тұратын тарапын бейнелейді. Картина арқылы автор
әлеуметтік пікірдің адам еркіндігіне ықпалын ашып көрсетеді.
Көрменің маңызды тақырыптарының бірі - қазақ тілінің
ұлттық мәдени код ретіндегі рөлі. Ұйымдастырушылар тілдің тек қарым-қатынас
құралы емес, елдің рухани тұтастығын сақтайтын негізгі ресурс екенін атап өтті.
Автордың жұмыстары жаһандану жағдайында ана тілінің мәнін терең сезінуге
ынталандырады.
Экспозициядағы «Мәмбет» және «Қатын» жұмыстары
сөз мағынасының өзгеруі мәдени жадыға қалай әсер ететінін көрсетеді. «Мәмбет»
сөзі бір кездері абыройлы, еңбекқор адамды білдірсе, бүгінде тұрпайы мағынада
қолданылып жүр. «Қатын» сөзі көне түркілік хатун/hatun негізделген, жоғары мәртебелі әйелді
білдірген. Қазіргі қолданыстағы жағымсыз реңк - тарихи мәннің жоғалуының
айғағы.
Шараға қала тұрғындары, жас өнертанушылар мен
студенттер үлкен қызығушылық танытты. Көрмені «Дизайн» мамандығының
магистранттары, сондай-ақ «Халықаралық қатынастар», «Тарих» және «Психология»
бағыттарының студенттері тамашалап, автормен шығармашылық ой алмасуға мүмкіндік
алды.
Мәдени мұраға қызығушылықтың арту себебі неде?
Философия
ғылымдарының кандидаты Галина Николаевнаның айтуынша, мәдени жад - қоғам дамуының ажырамас бөлігі:
«Мәдени жад - ғасырлар бойғы әлеуметтік тәжірибенің
нәтижесі. Ол белгілі бір кезеңдерде қайта белсенділеніп, өнер арқылы жаңаша
сипат алады. Тарихи тақырыптарға оралулар - көркем дамудың табиғи сипаты», - дейді ол.
Көрменің қоғамдық маңызы
Көрмеге қатысушы жас автордың жұмысы қоғамда тарихи
және мәдени мәселелерді талқылауға серпін беретінін атап өтті:
«Халқының тарихына бейжай қарамайтын әр азаматтың
даусы қымбат. Минураның еңбектері жас буынның өткеннің күрделі кезеңдеріне
деген жанашырлығын айқын көрсетеді. Автордың гендерлік мәселелерге қатысты
сезімтал ұстанымы да қазіргі қоғамның рухани сұранысына жауап береді».
Өнер тұрмыстық дәстүрлерді сақтай ала ма?
«Өнер - мәдени жадты бекітетін маңызды құрал. Алайда
жаһандану мен өркениеттік өзгерістер этникалық ерекшеліктерді әлсіретіп,
дәстүрдің сақталуына әсер етеді. Соған қарамастан, өнер арқылы ұлттық
құндылықтарды танытудың маңызы зор» - жауап берді.
Көрменің жалпы қандай баға беруге болады?
«Минура Лукпанның көрмесі қазақстандық contemporary
art бағытындағы маңызды ізденістердің бірі. Автордың әлеуметтік мәселелерді
көркем тілмен жеткізуге деген талпынысы ел болашағына бейжай қарамайтын
азаматтық ұстанымның қалыптасып келе жатқанын көрсетеді», - деп қорытынды жасады.












